Елорда оқушылары халықаралық олимпиадада алты жүлдеге ие болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда өткен математика, физика және информатика пәндерінен Жәутіков атындағы ХІІ халықаралық олимпиадада астаналық оқушылар 6 жүлдеге қол жеткізді.
Қала әкімдігі сайтының хабарлауынша, олимпиадаға 17 мемлекеттен 63 команда (413 оқушы) қатысқан.
Олимпиада қорытындысы бойынша таяу және қиыр шетелдің үздік мамандандырылған мектептерінің жеті командасы анықталды. Командалық есепте Мәскеу қаласының (РФ) №1329 мектебінің командасы Гран-при иеленді.
Олимпиадада сарапқа салынған 191 медальдің 48-ін Қазақстан жеңіп алды, соның ішінде астаналық оқушылар 6 жүлдеге қол жеткізді.
Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы Бидайбек Санжар информатикадан 1-орын және алтын медаль алды. Сондай-ақ, Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушылары Амангелдин Темірлан мен Низамедин Шайхитдин сәйкесінше, математикадан және информатикадан 2-орын мен күміс медаль алды. Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Санжар Елеуов та математикадан қола медаль иеленді. Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің 9-сынып оқушысы Бақдәурен Нарбаев пен Мейрам Серікболсын математикадан 3-орын алды.
«ҚР ҰҒА академигі, қазылар алқасының тең төрағасы Асқар Жұмаділдаев астаналық оқушылардың дайындық деңгейіне жоғары баға берді», делінген хабарламада.