Елорда оқушылары республикалық пәндер олимпиадасында үздік команда атанды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2018-2019 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына сілтеме жасап.
Республикалық олимпиада жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша - 15-20 наурыз аралығында Ақтөбе, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша - 25-30 наурызда Қызылорда қаласында өтті.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға бас қаладан ең үздік 63 оқушы қатысып, 10 алтын, 12 күміс, 11 қола медаль иеленді.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 38 оқушы бақ сынап, 6 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль иеленді.
«Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының командасы 16 алтын, 20 күміс, 24 қола медаль иеленіп, 13-ші мәрте жалпы командалық есепте І орын және «Ең үздік олимпиадалық команда - 2019» атағын иеленді»-, делінген орталықтың хабарламасында.