Елорда оқушылары ҰОС ардагерлерімен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының № 63 орта мектебінде 1-сынып оқушылары үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған ашық сабақ өткізілді.
Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Аталмыш шара орта мектептің мұғалімдерімен, Астана қаласы әкімдігінің ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұраны сақтау дирекциясының қызметкерлерімен ұйымдастырылды.
Сабаққа ҰОС ардагерлері Құрмантай Айтжанов, Леонид Картаузов, Сихымбай Мамыров және Алексей Фролов, сонымен қатар ата-аналар, ұстаздар, БАҚ өкілдері қатысты.
«Біздің балалар осы бейбіт күндерге кімдердің арқасында жеткенімізді білулері үшін ашық сабақты ұйымдастырдық. Балалардың ардагерлермен етене танысқандарын қаладық», - дейді №63 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Уәлиева Гүлмира.
Сабақ барысында оқушылар топтық сайыстарға, есеп сайыстарына қатысты. Әр оқушы ҰОС ардагерін сомдап, сахналық өнер көрсетуге тырысты.
Сонымен қатар, оқушылар Отан үшін қан майдан кешкен ардагерлердің естеліктерін тыңдады.
«Мен өскелең ұрпаққа қарап қуанамын. Біздің жастар бақытты, оларға көп мүмкіндік берілген. Ел басына күн туса Отанын жаудан қорғай алатын ұрпағымыз бар деп білемін», - деді ҰОС ардагері Алексей Фролов.