Елорда оқушылары үшін автобустарда жаңа тариф енгізу күні ұзартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқушыларға қоғамдық көліктерде жүру ақысын қолма-қол 40 теңгеден төлеу 15 қыркүйекке дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Елорда оқушылары үшін автобустарда жаңа тариф енгізу күні ұзартылды

Мұндай шешім әкімдікте ата-аналардың көптеген өтініштері бойынша барлық оқушылар жеке көлік картасын алып үлгермеулеріне байланысты жасалды, - деп хабарлайды әкімдік.

Мектеп оқушылары үшін жол ақысын  көлік картасымен немесе қолма-қол ақшалай төлесе де 15 қыркүйекке дейін қалалық маршруттарда 40 теңге,  ал экспресс-маршруттарда 90 теңгеден болатынын Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы да растады.

Бұған дейін 1 қыркүйектен бастап қоғамдық көліктерде  мектеп оқушылары үшін жаңа тариф енгізілетіні айтылған болатын.