Елорда полицейлері халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда халықаралық іздеуде жүрген Түркия азаматы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елдегі тәртіпті қамтамасыз ету, шекарадан заңсыз өту фактілерін анықтап, алдын алу мақсатында 1-5 ақпан аралығында ел аумағында «Мигрант» жедел-профилактикалық шарасы жүріп жатыр.
Полицейлер заңсыз жүрген шетел азаматтары болуы мүмкін жерлерді – құрылыс алаңдарын, азаматтар жаппай жиналатын орындарды тексеріп жатыр. Бір күн ішінде 40-тан аса көші-қон заңнамасын бұзу фактісі тіркелді. Кім екенін анықтау мақсатында қабылдау-бөлу бөліміне 28 ТМД азаматы жеткізілді.
Шетелдіктер көбінде Қазақстан Республикасына кіру, шығу және елде болу ережелерін бұзғаны белгілі болды.
Сондай-ақ шетел азаматтарының арасында бұзақылық, ұрлық жасағандар да бар болып шықты.
Сонымен қатар, Жедел-профилактикалық шара кезінде көші-қон полиция қызметкерлері Түркия Республикасы аумағында қылмыстық іс жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Түркия азаматын қолға түсірді. Ұсталған азамат отанына экстрадициялану үшін уақытша ұстау изоляторына қамалды.