Елорда полицейлері пәтер тонаушылар тобын құрықтады
АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат - Жұмыс күні аяқталысымен елорда тұрғыны «С» есімді азамат үйге келісімен оның пәтерінде белгісіз біреулердің болғандығын аңғарып, алтын бұйымдары мен ноутбугының жоқтығын көрген жәбірленуші дереу полицияға хабарлайды.
Бірнеше күннен кейін Есіл ауданы ІІБ-на «Д» есімді азамат хабарласқан, оның да үйіне шақырылмаған қонақ келіп киімдері мен ноутбугін әкеткен.
«Тәртіп сақшылары талдау жұмыстарын жүргізе келе, бір-біріне айнадай айнымас қылмыстарды бір ғана адам жасаған деп шешеді», - деп хабарлады қалалық ІІД баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру шарасы кезінде полицейлер қаланың жалдамалы пәтерлерінің бірінен үш белгісіз тұлғаны ұстайды. Бөлмені тексеру кезінде қылмыскерлер өз мүдделеріне пайдалана алмаған киімдер табылады.
Ұсталған адамдардың түсініктемесі бойынша ұрланған заттардың жартысын сауда үйлеріндегі танымайтын адамдарға арзан бағаға сатқан.
Тұтқынға алынғандардың жеке басын анықтау кезінде сақшылар олардың екеуінің Ақтөбе және Ақмола облыстарында туғандарын, екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалар екенін анықтайды. Ал топтың үшінші бір мүшесі 1990 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған, бұрын сотталмаған адам екен. Астана қаласында уақытша тұрып, еш жерде жұмыс істемеген.
Астаналықтардың жартысынан көбі күндізгі мезгілде жұмыста болады, осыны пайдаланған арам пиғылдылар пәтерді күндіз тонаған. Екеуі пәтердің тас талқанын шығарып жатқанда, үшіншісі үйдің сыртынан күзеткен. Пәтерге тез, әрі кедергісіз ену үшін олар «крест» құлпы бар үйлерді таңдаған, өйткені бұл құлыптар лезде бұзылуға жатады.
Қазіргі таңда ұсталған тұлғалар Астана қ. ІІД УҚҰИ орналастырылды. Осы факті бойынша ҚР ҚК 175-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыскерлердің осындай мәндегі ашылмай жатқан қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша тексеріс жұмыстары жүргізілуде.