Елорда полицейлері түн жарымда мас жүргізушінің соңынан қуған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда полицейлері түн жарымда мас көлік жүргізушісінің соңынан қуған, деп хабарлайлы ҚазАқпарат.

Елорда полицейлері түн жарымда мас жүргізушінің соңынан қуған

Полиция департаментінен мәлім еткендей, 2 қазан күні сағат 20.00-ден 3 қазан сағат 08.00-ге дейін мас күйде рульге отырған 20 жүргізуші ұсталды.

«Түнгі сағат 3-те Ұлы Дала даңғылымен жол ережесін бұза отырып, Mazda 626 жүріп келе жатқан. Полицейлердің тоқтау туралы бұйрығын елемей, жүргізуші қашып кетпек болды. Бұл ретте, көшелердің қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетті. Соңынан қуған полицейлер оны Е-38 көшедегі үйдің ауласынан ұстады. Құжаттарды тексеру барысында 19 жастағы жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шығып тұрған», - деді ПД-дан.

Онымен қоса, түнгі сағат 2-де Тұран даңғылында 20 жастағы бойжеткен тізгіндеген Hundai Solaris көлігі тоқтатылды. Құжаттарды тексеру барысында полицейлер оның мас екендігін байқаған. Оған медициналық куәландырудан өту ұсынылып, оның нәтижесі бойынша нарколог-дәрігер оның жеңіл дәрежеде мас екендігі туралы ұйғарым берді.

«Мас күйде көлікті басқарғаны үшін жүргізушілердің үстінен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды. Автомашиналар коммуналдық тұраққа қойылды.

Барлық жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін», - деді полициядан.