Елорда полициясы тұрғындардан заңсыз сақталып келген қару-жарақтарды сатып алу бойынша акция өткізеді

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат -Елорда полициясы тұрғындардан заңсыз сақталып келген қару-жарақ, жарылғыш құрылғыларды сатып алу бойынша акция өткізеді.

Елорда полициясы тұрғындардан заңсыз сақталып келген қару-жарақтарды сатып алу бойынша акция өткізеді

Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтында жарияланған.

1 ақпаннан бастап Астанада елордалық Ішкі істер департаментінің тұрғындардан заңсыз сақталып келген қару-жарақ, жарылғыш құрылғыларды сатып алу шарасы басталады.

«Ерікті түрде қару-жарақты тапсырған азаматтарға қару-жарақтың түріне байланысты 1 қаруға 10-нан 100-ге дейінгі АЕК көлемінде қаржылай үстеме төлеу қарастырылған», - дейді Астана қаласының ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының лицензиялық рұқсат беру жүйесі бөлімінің аға инспекторы Ербол Айдарбеков.

Өз еркімен тапсырылған қару-жарақ, жарылғыш құрылғыларды қабылдау және ресімдеу қалалық, аудандық ішкі істер органдарында азаматтың жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.

Акция 2012 жылғы 31 наурызда аяқталады.

Аталған мәселе бойынша қосымша ақпаратты елорда тұрғындары үстіміздегі жылғы 1 ақпан мен 31 наурыз аралығында тұрғылықты жері бойынша аудандық Ішкі істер басқармасына жүгініп, сондай-ақ Астана қаласының ІІД - 716-018; «Сарыарқа» ауданының ІІБ - 716-646; «Алматы» ауданының ІІБ - 716-737; «Есіл» ауданының ІІБ - - 716-564 телефондары арқылы хабарласып біле алады.