Елорда саябақтарында тегін йога жаттығулары өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында алдағы үш ай бойы ашық аспан астында тегін йога жаттығулары өтеді. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырады. Бұл туралы елорданың әкімдігі мәлім етті. 

Елорда саябақтарында тегін йога жаттығулары өтеді
Фото: Pexels

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, тегін йога сабақтары 8 маусым мен 8 қыркүйек аралығында елорданың алты саябағында аптасына үш рет өткізіледі.

— Бұл йога жаттығуларын биыл екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Өткен жылы 1000-нан астам қатысушы болды. Йогаға сұраныс жоғары. Жаттығулар барлық жас санатындағы тұрғындарға арналған. Іс-шара толықтай тегін, алдын ала тіркелудің қажеті жоқ. Тек call-center нөміріне хабарласып, өтетін орынның нақты орналасқан жерін білу жеткілікті. Тегін жаттығулар Есіл, Нұра, Алматы, Сарайшық және Байқоңыр аудандарындағы саябақтарда аптасына үш рет — дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 19:00–20:00 аралығында өтеді. Қала тұрғындары өзіне ыңғайлы әрі жақын орынды таңдап, жұмыстан кейін еркін қатыса алады. Сабақтарды кәсіби йога жаттықтырушылары жүргізеді, — деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.

Йога жаттығулары өтетін орындар:

• Есіл ауданы — «Жетісу» саябағы;
• Есіл ауданы — «Самал» саябағы;
• Нұра ауданы — Орталық қалалық саябақ;
• Алматы ауданы — «Жерұйық» саябағы;
• Сарайшық ауданы — Президенттік саябақ;
• Байқоңыр ауданы — Ататүрік саябағы.

Жаттығулардың нақты кестесі мен толық ақпарат Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып отырады.

Жаттығулар бойынша қосымша ақпарат алу үшін: Call-center: +7 (777-62) 1-59-54

Айта кетейік, кәсіби йога жаттықтырушылары жүргізетін тегін сабақтар 8 қыркүйекке дейін жалғасады.

Еске сала кетейік, елордада 21 маусымда 11-ші Халықаралық йога күні аталып өтеді.