Елорда стоматологиясындағы дау: Дәрігерлер комадағы баланың жағдайын айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері стоматологиялық клиникаға барғаннан кейін ес-түссіз халге түскен баланың қазіргі жағдайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда стоматологиясындағы дау: Дәрігерлер комадағы баланың жағдайын айтты

«Оның қанша уақыт жататындығын ешкім айта алмайды. Барлығы баланың ағзасына байланысты. Миының өлгендігі туралы диагноз қойылған консилиум шешімі әлі болған жоқ. Қазір баланың жағдайын жіті бақылап отырмыз. Мұндай жағдайда қажетті кеңесшілерді жұмылдыру арқылы керекті барлық терапия шараларын жүргізіп жатырмыз. Оның қанша уақыт жататынына, жағдайы қалай болатынына ешкім жауап бере алмайды. Бала дер уақытында емдеу шараларын алып жатыр», - деді бүгін елордада өткен брифингте анестезиолог-реаниматолог Нұрила Малтабарова.

Оның айтуынша, бала қанша уақыт бақылауды қажет етсе, сонша уақыт бақылауда болады.

«Бала қазіргі уақытта екінші тәулік №2 көпбейінді балалар ауруханасында жатыр», - деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, стоматологияға тексеру жұмыстары кеше, 8 қаңтар күні аяқталды. Бірнеше заңбұзушылық анықталды. Клиниканың қызметін тоқтату туралы сотқа материалдар дайындалмақ.

Еске салайық, елорда тұрғыны Анастасия Зелёная екі жарым жастағы баласы стоматологиялық клиникаға қаралғаннан кейін ес-түссіз күйге түскенін хабарлаған болатын. Бала 10 тәуліктен астам есін жия алмай жатыр.

Оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов түсінік берді. «Жағдайды бақылауымда ұстап отырмын. Өкінішке қарай, баланың жағдайы өте ауыр. Бірақ, дәрігерлер тарапынан медициналық көмек барынша көрсетілуде. Оған толыққанды деңгейде жәрдем беріледі», - деді министр.

Сонымен бірге, ол ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабековаға аталмыш стоматологиялық клиниканы тексеруді тапсырған еді.