Елорда студенттері Бақтияр Артаевпен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Жетістіктер тарихы" жобасы шеңберінде Астананың кәсіптік-техникалық колледжінде 2004 жылғы бокс бойынша олимпиада чемпионы, «Астана» Президенттік кәсіптік спорт клубының басшысы Бақтияр Артаевпен жастардың кездесуі өтті. Бұл туралы Ұлтық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу Кәсіпкерлер палатасы мен Астана әкімдігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды. "Бүгінгі күні жастардың өзін-өзі дамытуы, жетістікке жетуі үшін барлық мүмкіндіктері бар. Әрбір қазақстандық туып-өскен еліне бір пайда әкелгісі келсе, оған ешкім кедергі болмайды, бәрі өз қолында», - деді кездесу барысында Б. Артаев. "Атақты спортшының айтуынша, «егер өз ісіңді шынайы сүйіспеншілікпен орындап, жаныңды салып еңбектенсең алынбайтын қамал болмайды». Атақты спортшыны көруге 300-ден астам студент келді. Табысты боксшы, қазіргі басшының өмір жолы жастарды ынталандырып, рух беріп, биікке ұмтылуға деген құлшыныстарын арттыра түсті.