Елорда студенттері Бауыржан Момышұлы ескерткішіне тағзым етті
Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан 1 млн. 300 мыңнан астам қазақстандықты бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін студенттер Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
«Біз бүгін Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай қазақ жерінен шыққан ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізіп отырмыз. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске Қазақстан халқының қосқан үлесі ұшан-теңіз екендігін бәріміз де білеміз. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін Халық Қаһарманы атағына ие болған Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Х.Доспанова, С.Нұрмағамбетов, сұрапыл ұрыстардағы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атанған Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Т.Бигелдинов, Р.Қошқарбаев сынды батырларымызды еш естен шығармаймыз. Олардың алып берген жеңісін кейінгі ұрпақ, яғни біз жоғары бағалаймыз. Аспанымыз ашық болып, бейбіт өмір сүруіміз үшін қасық қаны қалғанша жаумен айқасып, ұлы жеңісті кейінгі ұрпаққа аманат еткен барлық соғыс ардагерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз», - деді Қазақ мемлекеттік заң университетінің студенті Ғалымжан Ниязов.
Сонымен қатар қазақстандық жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті дамытып, елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті ояту үшін бүгінгідей шаралардың жиі өткізіліп тұруы қажет екендігін баса айтты.