Елорда субұрқақтарында норманы бұзу фактілері анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада су қоймалары мен субұрқақтарға лабораториялық зерттеу жүргізілді. Бұл туралы Астана қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сарқыт Бейсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаз мезгілінде елорда және оның іргесіндегі су айдындарына тексеру жүреді. Атап айтсақ, Есіл өзені, Ақбұлақ, Сарыбұлақ, Астана су қоймасы және тағы басқалары. Мониторинг жүргізу үшін адамдар жиі жиналатын жерлерде (шомылу орындары) бақылау нүктелері бар. Сонымен қатар қаладағы субұрқақтар суының сапасы да бақылауда. Маусымда жүргізілген лабораториялық зерттеу қорытындысы бойынша санитарлық-химиялық нормативке сәйкес келмейтін 4 жағдай және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 1 сәйкес келмеушілік фактісі анықталды», - деді Сарқыт Бейсенова қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Бас санитар дәрігердің мәлімдеуінше, аталған фактілер туралы жергілікті атқарушы органдар мен қызмет көрсететін мекемелер ақпараттандырылды. Тазалау жұмыстары жүріп жатыр.