Елорда тазалығы үшін ең алдымен әрбір астаналық жауапты болуы тиіс - О. Мұхамеджанов
АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елорда тазалығы үшін ең алдымен әрбір астаналық жауапты болуы тиіс. Бүгін жалпы қалалық сенбілікке қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы кез келген астаналық азамат қала тазалығына ең бірінші жауапты болуы тиіс. Сонымен бірге, қаланы абаттандыруға, көгалдандыруға, жұртшылық демалысы үшін гүл бақтары мен саябақтарды тазалауға тек сенбіліктерде ғана емес, ұдайы атсалысқан орынды деп білемін. Жалпы қалалық сенбілік өткізудегі баршамыздың алдымызда бір ғана мақсат тұратынын естен шығармауымыз керек. Сол үшін де әрбір астаналық жас елорданың әлемнің көркем де әсем қалаларының қатарынан көрінуіне өз үлесін қосса игі», деді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов.
Сонымен бірге, Төраға 1997 жылы Астанаға алғаш көшіп келгеннен бері жыл сайын елордалық сенбіліктерге белсенді қатысып тұратынын айтып, бұндай жұмыстың бас қаламыз үшін аса қажеттілігіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, абаттандыру жұмысына ұжым-ұжым болып бірлесе кіріскенде оның тиімділігі артып, ауқымды шаруа тындырылады.
«Жалпы, сенбілік қаламыздың бұдан әрі таза болуымен қатар, елордалықтарды да соған үйретеді деп білемін. Ал қаланың көркеюі оған деген сүйіспеншілікті арттыра түседі», деді О. Мұхамеджанов.