Елорда терминалын ұлғайту және жаңғырту 2017 жылдың наурыз айында аяқталады - Ә. Жақсыбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков халықаралық әуежайдың жұмысы мен оны дамыту мәселелері талқыға салынған жиын өткізді.
Оған қалалық құрылым өкілдері, қазақстандық әуе компаниялары, ҰҚК, ІІД, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі. Әкім «Нұрлы жол» экономикалық саясатының негізгі бағытының бірі әуежайды дамытуға көп көңіл бөлінген көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту екендігін атап өтті.
Бүгінгі таңда ішкі және халықаралық әуе қатынастарының басым бөлігі - Астана мен Алматы үлесінде. Елордалық әуежай әуе нарығында екінші орында, оған барлық рейстердің 12%, жөнелтілген жолаушылардың 24% және жүк тасымалдаудың 6% тиесілі.
- Астана әуежайының өткізу қабілеттілігінің жеткіліксіздігі әуе компанияларының қызметін және тұтынушылардың қажеттілігін шектейді. Келешекте бұл тұтынушылар трафигіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл мәселелерді шешу үшін 2015 жылдың ақпанында терминалды ұлғайту және ұшып-қону жолы мен перронды қайта жасау бойынша жұмыстар басталды және 2017 жылдың наурыз айында аяқталмақ, - деді әкім.
Аталмыш жобаның маңыздылығы туралы айта келе, қала басшысы Астана әуежайы - елорданың ғана емес, мемлекеттің негізгі әуе қақпасы екенін де баса айтты.
Жиын барысында әкім жедел шаралар қабылдауды қажет ететін ұйымдастырушылық және техникалық олқылықтарға тоқталып өтті.
Қауіпсіздік қызметіне де сын айтылды. Тағы бір түйткілді мәселенің бірі - заңсыз такси қызметі.
- Елордаға келетін жолаушыларға жалпы қабылдау залында күтіп, оларға өз қызметтерін ұсынатын «жеке тасымалдаушылар» кері әсер етеді. Ішкі істер департаментіне заңсыз такси жүргізушілерге шара қолдануды тапсырамын, - деді әкім.
Ол сондай-ақ, ресми әуежай таксиі болып табылатын «Жебе» таксомоторлық компаниясының қызметкерлері елордалық деңгейге сай болуы үшін үш тілде еркін сөйлеуі керек екендігін айтты.
Әкім қоғамдық көлік қызметіне де тоқталды. Халықаралық әуежайға қатынайтын қоғамдық көліктер екі автопаркке қарайды (№1, №3).
- Бүгінде автобус кондукторларын әр үш-төрт ай сайын ауыстырып отыру үрдісі қалыптасты. Автобустардың санитарлық жағдайы бойынша ескертпелер де әлі орындалған жоқ. Кондукторларды үйрету кезінде әуежайға қатынайтын бағыттарға ерекше көңіл аудару қажет. Сонымен қатар, оларға ағылшын тілін үйретуді де ойластыру керек, - деді Әділбек Жақсыбеков.
Жиын барысында қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері де сөз болды. Әкімнің айтуынша, әуежайда елордалық деңгейге сай келмейтін 30 жуық шағын және орта бизнес субъектісі қызмет етеді.
- Әуежай басшылығы сервисті бір стильді ету мәселесін қарастыруы керек. Атап айтқанда, киім үлгісін, ыдыс-аяқ, баға көрсеткіштерін және басқа да элементтерді. Әр компанияның өз «брендін» жарнамалағысы келетіні түсінікті, бірақ, олар қай жерде қызмет етіп жүргендерін де білуі керек. Себебі, әлдебір мәселе туындаған жағдайда барлық ескертпелер әуежай әкімшілігіне айтылады, - деді елорда басшысы.
Жиын соңында Ә. Жақсыбеков барлық жауапты құрылымдарды аталмыш мәселелерді шешу жолында жедел және біріге әрекет етуге шақырды.