Елорда төрінде халық әндері мен күйлері орындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Серпер» халық аспаптар оркестрлерінің музыкалық фестивалі ашылды. Қазақстандық және ресейлік ұжымдар халық әндері мен шығармаларын, күйлер орындады, деп хабарлайды елордалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Елорда төрінде халық әндері мен күйлері орындалды

Фестиваль шымылдығын дирижер Нұрлан Бекенов жетекшілік еткен Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі ашты.

Тыңдармандар назарына Нұрғиса Тілендиевтің белгілі шығармалары, Құрманғазы мен тәттімбеттің күйлері, сондай-ақ, Нұрлан Бекеновтің «Шахназар» деп аталатын авторлық композициясы ұсынылды.

Ұжымдардың өнерін тамашалауға ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов пен КСРО халық әртісі, опера әншісі Бибигүл Төлегенова шақырылды.

Астана қаласының мемлекеттік филармониясы қазақ оркестрінің директоры Сабыржан Сейтханұлының айтуынша, фестивальдің негізгі міндеті Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар, басқа мемлекеттердің оркестрлері мен музыканттарының басын қосу болып табылады.

- Бізде 350 музыкант бар, соның ішінде Ресейден, Башқұртстаннан келгендер де бар. Біздің мақсатымыз олардың басын қосу, біріктіру, - деді ол.

Ертең шараға қатысушылар «Студенттік» және «Арай» парктерінде өнер көрсетеді. Қала тұрғындары мен қонақтары Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (Қызылорда қаласы), К. Күмісбеков атындағы Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрі (Көкшетау қаласы), Абыл Тарақұлы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (Ақтау қаласы) және Байжігіт атындағы халық аспаптар оркестрінің (Өскемен қаласы) өнерін тамашалайды. Сондай-ақ Башқұртстан Республикасының ұлттық халық аспаптар оркестрі (РФ) және Омбы қаласының «Лад» орыс камералық оркестрі (РФ) өнер көрсетеді.

6 шілдеде қалалық алаңда өтетін гала-концертте бір уақытта 7 оркестр, 300-ге жуық музыкант күйлер орындайтын болады.