Елорда төрінде Сыдық Мұхамеджановтың тамаша әндері шырқалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Конгресс-Холл сарайында композитор, қазақ халқының даңқты ұлы, дарынды өнер иесі Сыдық Мұхамеджановты еске алу кеші өтеді.
Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен өткелі тұрған бұл концерт «Шаттық Отаны» деп аталады. Сондай-ақ бұл Қазақ оркестрінің ХХ концерттік маусымының ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Астана қаласының филармониясы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бірқатар шаралар өткізуді жоспарлаған. Соның ішінде өнер ұжымының бастамасы бойынша танымал өнер иелерінің шығармаларын халыққа таныту, насихаттау бағытында концерттер болады.
«Қазақ музыкасын, халық және Қазақстан композиторларының әндерін, шығармаларын дәріптеп тұру - біздің міндетіміз. Осы орайда, Қазақтың көрнекті композиторы Сыдық Мұхамеджановты еске алу кеші ұйымдастырылып отыр. Оның бұрын орындалмай жүрген романстары мен әндері көрермен назарына ұсынылады. Халық құлағына көптен бері естілмей қалып жатқан шығармалары орындалады»,- деді Қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов.
Осы өнер кешінде оркестрдің сүйемелдеуімен шығармалар мен әндер орындалады. Оркестрге Айтқали Жайымов дирижерлік етеді. Енді бірқатар туындыларға Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов дирижерілік жасайды.
Сыдық Мұхамеджановты еске алу кеші жоспар бойынша жүзеге асуда. Сондықтан да бұл концертке аталған өнер ұжымы жыл басынан бері дайындық жүргізді. Композитордың шығармалары оркестрге түсірілді. Себебі көптеген ән романстарының ішінде фортепианоның сүйемелдеуімен жазылғандары бар. Одан бөлек әншілер де дайындалды.
Айта кету керек, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджанов 1924 жылы дүниеге келіп, 1991 жылы өмірден озған. Артында өшпес мұрасы қалды. Шығармалары еліміздің алтын қорында сақтаулы тұр.
Концерт Астана уақытымен 19-00-де басталады.