Елорда төрінде жас сарбаздар әскери ант қабылдады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда төріндегі Отан-Ана алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына қарасты 3660 әскери бөлімі жауынгерлерінің Әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті.
Отан үшін отқа түсер азаматтарымыздың өміріндегі жауапты қадам жасау шарасына Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының басшы құрамы, аталмыш әскери бөлімнің ардагерлері мен жеке құрамы, сондай-ақ ант қабылдаушылардың ата-ана, туған-туыстары қатысты.
Ант қабылдау рәсімінде Ұлттық ұланның қамтамасыз ету полкінің 80 жауынгері Отанға адал қызмет ету жөнінде сарбаздық серт берді. Жауынгерлер қатарын еліміздің Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген жастар құрады. Бөлімде мерзімді әскери қызмет атқаруға көктемде шақыртылған олар бір ай бойы әскери өмірдің тыныс-тіршілігіне төселіп, жауынгерлік дайындықтан өтті.
Біздің халқымыз ежелден Отан үшін төккен тердің бағасын бағалай білген. Оның ішінде, қастерлі Отан-Ананы қорғау ең асқақ парыз, абыройлы міндет саналады. Әскери ант қабылдау - Отаның мен халқыңа ақтық демің қалғанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, оны да мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз.
Осындай сертке саналы түрде бел шешкен ел азаматтарын жақындары ерекше ықыласпен қошеметтеп жатты. Әр сарбаз ант қабылдаған сәттен бастап ұлан-ғайыр жерімізді білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек бабаларымыздың ерлік жолын жалғастырушы, елдің қорғанына айналары хақ.
Жас жауынгерлерді, олардың жақындарын ант қабылдау рәсімімен құттықтаған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары полковник Мұхаметқали Сатов: - Құрметті жауынгерлер! Биыл еліміз Жәнібек пен Керей хандар негізін қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлағалы отыр. Бұл байтақ жерді бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай шайқасында» да аман сақтап, бізге аманаттады. Ендігі сендердің мақсаттарың - сол қастерлі жерімізді қорғап, ел тыныштығын күзету. Қадамдарың оң болсын, қызметтеріңе сәттілік тілеймін, - деді.
Әскери бөлім командирі полковник Марат Әрінов те сарбаздарға деген командирлік тілегін білдіріп, ата-аналарды әскери бөлімге ашық есік күніне шақырды.
Ұлының азамат атану сәтіне куә болу үшін Түркістан қаласынан арнайы келген Гүлдана Тәңірбергенова әсерімен былай бөлісті:
- Мен Смайылов Нұртастың анасымын. Қарап тұрсам, баламның жағдайы жақсы екен. Кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалыпты. Командирлерінің қамқорлығына рахмет айтамын. Отанының баласы боп, елге абыроймен оралсын деймін.
Отан алдындағы борыштарын Елордада өтеу бақыты бұйырған жас сарбаздар енді Астанамыздың қоғамдық тәртібін қас қақпай күзетіп, азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін болады.
Мөлдір НӘЛІБАЕВА