Елордада бокстан Спартакиада өтеді

Астанада 13-19 қараша аралығында бокстан 4 жылда бір мәрте өтетін ерлер арасындағы Спартакиада турнирі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Kazinform.

спартакиада
Фото: instagram/boxingkazakhstan

ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, байрақты дода елорда төріндегі «Beeline Arena» спорт кешенінде өтеді.

Аталмыш жекпе-жек сайысында әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай және барлық өңірден 250-ден астам былғары қолғап шебері сынға түседі.

Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ерлер 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі) бойынша жеңімпазды анықтайды.

Бокс бәсекесінің барлық жекпе-жектерін күндізгі 15:00-ден бастап, «Qazsport» телеарнасында тікелей эфирде көрсетеді. Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 19 қарашада анықталады.

Турнир жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.

Жанкүйерлер үшін кіру тегін.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Спартакиаданы 2019 жылы Қызылорда қаласы қабылдаған болатын.

Іс-шара ҚР Туризм және Спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен өтеді.