Елорда тойында ауқымды суреттер фестивалі өтеді
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Шілденің 4-і күні Орталық саябақ пен Есілдің жағасында және Сулы-желекті бульварда «Ауқымды сурет» фестивалі болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала күні мерекесінің алғашқы күнінде кісі аяғы көп жүретін алаңдарда, саябақтарда «стирт-арт» стиліндегі ауқымды суреттер көрсетіледі. 3D-сурет үлгісі бойынша табиғаттың көріністері және әртүрлі ракурста қала көшелері, биік үйлер және басқа да ашық кеңістіктегі көріністер бейнеленген ауқымды сурет бұқаралық деңгейде елордалықтар назарына бірініші рет ұсынылғалы отыр. Қылқалам шеберлері арасында кеңінен танымал «ауқымды сурет» жанрының өз ерекшелегі бар. Мұнда суретшінің шеберлігіне қарай, картинада бейнеленген көріністің неғұрлым кеңінен қамтылып, бірнеше шақырымда жатқан, көз ұшындағы детальға дейін анық көзге шалынатындай етіп бейнеленеді. Мұндай суреттер кең жерде, негізінен, далада, көшелерде көрсетіледі.
Фестиваль соңынан қылқалам шеберлері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізеді.