Елорда тойында спутниктен суретке түсіреді
АСТАНА. Маусымның 27-сі. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Шілденің 6-сы күні «Мега-орталықтың» алаңында ертеңгі сағат 10.00-де елорданың қала күніне жиналған қауымды спутниктен суретке түсіру шарасы болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шараны салалық мамандар флэшмоба деп атайды. Флэшмоба - алдын-ала ұйымдастырылған бұқаралық-көпшілік шара. Флэшмоба әлеуметтік сипатқа ие. Ендеше бірқатар елдерде өткізілетін бұл шара әлемдік өркениетке ұмтылып отырған қазақ елінің Астанасы және елордалықтар үшін тосын болмауға тиіс. Жаңалық атаулыны өз еліміздің пайдасына, мүддесіне және қоғамдық танымды кеңейтуге қызмет еткізуге тырысуымыз керек. Сол себепті, қала күнінде өтетін көпшілік-бұқаралық шаралардың бірі ретінде флэшмобаға жатырқай қарамаған жөн. Бір алаңда жиналған мыңдаған адамды спутниктен суретке түсірудегі мақсат - Астана баршамызды ұйыстыратын орда екенін дәлелдеуден туып отыр. Мыңдаған адамның бір объективке сыйып тұрғаны - қазақтың құшағының кең екенін танытатын болады.