Елорда тұрғындары ақмолалық полицейлерге алғысын білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары ақмолалық полиция қызметкерлеріне жолда көрсеткен көмектері үшін алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Елордалық азаматтар жолда орын алған келеңсіздік туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазған. Содан соң өздеріне көмек көрсеткен полицейлерге ризашылықтарын жеткізген.

Белгілі болғандай, 8 сәуір күні олар облыс орталығынан елорда бағытына жолға шығады. Бірақ жолда көлік дөңгелектері жарылып, Toyota estima көлігінің 31 жастағы жүргізушісіне жөндеу жұмыстары қиынға соғады. Ал ары-бері өтіп жатқан көлік иелері жол жиегінде тұрған бұларға мән бермеген.

«Нұр-Сұлтан-Петропавл автожолының 275-шақырымындағы жол қозғалысын бақылауды жүзеге асыру кезінде жол жиегінде тұрған Toyota estimo көлігін байқадық. Келген соң неге тоқтап тұрғандарын және көмек керек пе деп сұрадық», – дейді полицей Р.Сәбитов.

«Тұлпар-10» экипажының қызметкерлері – ПД ППБ қызметінің инспекторлары Рыспек Сәбитов пен Жақсылық Катренов көлік жүргізушісін Кенесары елді мекеніне дейін әкеліп, істен шыққан дөңгелектерді жөндеді. Көлікке қайтып оралған тәртіп сақшылары жүргізушіге дөңгелекті орнатуға көмектескен.

Жүргізушінің әйелінің айтуынша, олар жолда шамамен 2,5 сағат тұрған. Қол ұшын тек полиция қызметкерлері созған.

«Ақмола облыстық жол инспекциясы қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіргім келеді», – дейді ол жазбасында.


Соңғы жаңалықтар