Елорда тұрғындары концертке жиі баратын болды

АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат - 2012 жылы Астанада концертке 1,5 миллионнан астам адам барған. Бұл 2011 жылға қарағанда 1,2 пайызға артық, деп хабарлайды қалалық Статистика департаменті.

Елорда тұрғындары концертке жиі баратын болды

Департаменттің мәліметі бойынша қалада барлығы жеті концерт қоятын ұйым бар. 2012 жылы олар 683 концерт өткізген. Соның ішінде филармонияның өткізгені 394 концерт. Қалған 42,3 пайызы эстрадалық концерттердің үлесіне тиесілі.

astana.kz сайтының жазуынша, елордада театр өнері кеңінен танылып келеді. Астананың шығармашылық ұжымдары 2012 жыл бойы 21 жаңа спектакль қойды. Бұл алдындағы жылға қарағанда 10,5 пайызға артық.

Барлығы қалада түрлі жанрда 6 мемлекеттік театр мен 1 цирк жұмыс істейді. Алайда, өткен жылы циркке барлығы 10,8 мың адам барыпты. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 58,5 пайызға төмен.