Елорда тұрғындары сүрілетін үйлеріне екі есе баға талап етуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қаланың барлық аудандарын аралап, абаттандыру, су басу, жолдардың жай-күйі мәселелерімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда тұрғындары сүрілетін үйлеріне екі есе баға талап етуде

Әкімдіктің ресми сайтында хабарланғандай, қала басшысы Сарыарқа ауданында Қосшығұлұлы, Ақан сері, Шақпақ, Жалил, Оқжетпес көшелерінде, сондай-ақ Агрогородок шағын ауданында болды.

Байқоңыр ауданында Бақыт Сұлтанов Сусамыр, Шиелі, Кемеңгерұлы, Тайбурыл, Жаңажол, Ақжол, Досмұхамедұлы, Жетіген, Пушкин көшелерінің және Өндіріс тұрғын алабындағы жолдардың жағдайын тексерді.

Байқоңыр ауданындағы «Кирпичный» кентінде қала әкімі даулы учаскелерге қатысты мәселе көтерген Қарлығаш Набиулинамен кездесті. Инвестор бұл учаске аумағындағы үйлерді сүруді көздеп отыр. Тиісінше, тұрғындарға Ильинка кентінен баспана ұсынбақ. Алайда, кейбір тұрғындар бұл ұсыныстан бас тартып, қаржылай өтемақы талап етуде.

Аудан әкімі Ерлан Каналимовтың айтуынша, инвестор олардың үйлерін 25-26 млн теңгеге бағалаған. Ал тұрғындардың талабы 60 млн теңге көлемінде.

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған Бақыт Сұлтанов жағдайды анықтап, даулы мәселені шешуге уәде берді.

Одан кейін қала басшысы Алматы ауданындағы Абылайхан, Бурабай, Қозыбасы, Лепсі көшелерінде, сондай-ақ Есіл ауданындағы А.Ермеков, Алпамыс батыр, Темірқазық, Космонавттар көшелері мен тұрғын алаптарында, Пригородный тұрғын алабындағы Беласар, Арнасай көшелерінде болды.

 Сонымен қатар, ол Момышұлы көшесіндегі жолдардың жай-күйін тексерді. «Тұрғындар үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету керек. Тазалық орнатып, жарықтандыру жүргізу өз алдына, сондай-ақ күрмеуі қиын сумен жабдықтау мәселесін жедел түрде шешу керек. Аудан әкімдерінің жұмысында олқылықтар бар, сондықтан тұрғындар айтқан мәселелерді бақылауға алуды тапсырамын», - деп қорытындылады Б.Сұлтанов.