Елорда тұрғындарының 82,7 пайызы тегін медициналық көмек алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда тұрғындарының 82,7 пайызы Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада тұрғындардың 82,7 пайызы МӘМС жүйесінің қатысушылары саналады. Ал сақтандырылмағандар үлесі – 17,3 пайыз. 2023 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша МӘМС жүйесіне қатысушылар саны - 1 092 807 адам. Әлі де 228 551 қала тұрғыны МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр» - делінген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалы таратқан ақпаратта.

2023 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған Астана қаласы тұрғындарының үлесі мынадай: соңғы 12 айда төлемдері жоқ адамдар – 59; жұмыскерлер – 26; жеке кәсіпкерлер – 4,6; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – 4,5; дербес төлеушілер – 3; БЖТ төлеушілер – 2; тағы басқалары 0,2 пайыз.

«Қор медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту және халықты МӘМС жүйесіне барынша тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Қазір елорда тұрғындарының 82,7 пайызы жүйеде сақтандырылған. Яғни, қажет болған жағдайда олар медициналық сақтандыру пакетінде медициналық көмек ала алады. Дегенмен, 200 мыңнан аса азамат түрлі себептермен жүйеден тыс қалған. Әйтсе де, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық көмек ала алады», - деді елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.


Соңғы жаңалықтар
telegram