Елорда тұрғындарының басым бөлігі электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдаланып отырған жоқ
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана тұрғындары электрондық мемлекттік қызметті пайдалануға толық дайын емес.
Бұл жайында бүгін Digital Communications Kazakhstan-2012 конференциясы аясында «e.astana.kz» электрондық әкімдік жобасының үйлестірушісі Дәурен Топаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, статистика департаментінің 2011 жылдағы мәліметтері бойынша елордалықтардың 70 пайызы интернетке қол жеткізіп отыр. Олардың 90 пайызы пошта немесе жаңалықтар оқиды екен.
Атап айтқанда, қалада ғаламторды пайдаланушылардың жалпы көлемінің 5-7 пайызға жуығы ғана электрондық қызметтерді немесе осы тектес сервистерді пайдаланады.
Д. Топаевтың пайымдауынша, электронды қызметтерді дамытуды баға саясаты тежеп келеді. Мәселен, бір айға орташа интернет пакеті 4 мың теңге шамасында. Бұған тұрғындардың 30-40 пайызы қол жеткізе алады.
Сонымен қатар ол электронды қызметтің өрістеуіне меморгандардың қатардағы қызметкерлерінің өзара түіністігінің болмауы тағы да бір фактор ретінде әсер ететінін жеткізді.
«Бұл негізсіз қорқыныш, яғни автоматизация салдарынан ол жүйе қызметкерлерді алмастырады деген сезіктенуге байланысты. Алайда, автоматизация адамдарды алмастыра алмайды, ол тек адамдардың уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді»,-деп түйіндеді Д. Топаев.