22:52, 28 Желтоқсан 2020 | GMT +6
Елорда тұрғыны 2,2 млн теңге алимент қарызын төледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық сот орындаушылары алимент өндіру жұмысын жалғастыруда. Жаңа жыл қарсаңында бұл бағыттағы жұмыс күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Жеке сот орындаушылары (ЖСО) өңірлік палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 2016 жылдың мамыр айынан бері алиментке 2,3 млн теңгеге жуық қарыз болған. Осыған байланысты іс қозғалды.
Борышкердің кәмелет жасына толмаған қызы бар, оны асырап-бағу үшін 2016 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа сотының шешімімен алимент төлеуі тиіс болған.
Белгісіз себептермен борышкер оны төлеуден жалтарған.
«Алайда, осы істі жүргізумен айналысқан жеке сот орындаушысы 2 миллион 250 мың теңге көлеміндегі қарызды бірден өтеуге қол жеткізді» дейді Нұр-Сұлтан қаласы өңірлік палатасы басшысының орынбасары Мадина Жанасаева.
Нұр-Сұлтан қаласының ЖСО өңірлік палатасы жаңа 2021 жылды қарызсыз қарсы алуға шақырады.