Елорда тұрғыны Ақмола облысында болған жол апатынан көз жұмды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында тасжолда адам өліміне әкеліп соққан жол апаты болды. Екі автокөліктің соқтығысуы салдарынан елорда тұрғыны қаза тапты, төрт жолаушы Нұр-Сұлтан қаласының ауруханасына жеткізілді. Оның арасында үш бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда тұрғыны Ақмола облысында болған жол апатынан көз жұмды

Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 шілде күні сағат 11:35-те Целиноград ауданының полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1241-шақырымында Ы.Алтынсарин ауылының маңында жол апаты болғаны жайлы хабар келіп түскен.

«38 жастағы «Lada priora» маркалы автокөліктің жүргізушісі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Талапкер ауылы бағытымен келе жатып, рөлді басқара алмай, алдында келе жатқан рөлді 39 жастағы Талапкер ауылының тұрғыны тізгіндеген «Lexus» маркалы көлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан «Lada Priora» маркалы автокөліктің жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», - деп атап өтті ведомство.

Аталған факті ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді.

«Lada Priora» автокөлігінің түрлі жарақат алған жолаушылары - 31 жастағы елорда тұрғыны мен кәмелетке толмаған 8, 12, 17 жасар үш бала Нұр-Сұлтан қаласының ауруханасына жеткізілді.

Тағы үш бала дәрігерлердің тексерісінен кейін үйіне жіберілді.

Полицейлер атап өткендей, аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда, сараптама тағайындалды.