Елорда тұрғыны Ақсу қаласында үш жасар баланы құтқарып қалды

АҚСУ. ҚазАқпарат -Павлодар облысының Ақсу қаласында бесінші қабаттың терезесінде тұрған үш жасар баланы кездейсоқ өтіп бара жатқан адам құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Елорда тұрғыны Ақсу қаласында үш жасар баланы құтқарып қалды

Ақсу қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, баланы құтқарған азамат Нұр-Сұлтан қаласының 25 жастағы тұрғыны Дастан Егінбаев. Оқиға 30 наурыз күні болған.

«Көпқабатты тұрғын үйдің жанынан өтіп бара жатқан жігіт еш ойланбастан дереу баланы құтқаруға жүгіре жөнелген. Ол пәтердің есігін бұзып кірген сәтте екі кішкентай баланың үйде жалғыз қалғандарын көрген. Дастан Егінбаев ұл баланы қорқытып алмау үшін оған ақырын жақындап, терезеден түсіріп алған», - деді баспасөз қызметінен.

Үш және алты жасар балалардың әкесі бұл уақытта жұмыста болған, анасы Төртқұдық ауылына кеткен.

Д.Егінбаевтың сөзінше, оның ізінше пәтерге көрші әйел келген. Ол жедел жәрдем мен полицияны шақырған. Оқиға орнына ювеналдық полиция инспекторы, Ақсу қаласы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі маман, білім беру бөлімі қорғаншылық және қамқорлық органының мамандары келгеннен кейін балалар Ақсу қаласының ауруханасына жеткізілген.

«Кеше комиссия отырысында бұл отбасымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті шара қолданылды. Бақылауға алынды. Кейбір процедуралық шараларды аяқтағаннан кейін балалар үйлеріне қайтарылады», - дейді Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі бөлімнің бас маманы Анар Дәуітбаева.

Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев Нұр-Сұлтан қаласында «GKZ» ЖШС-да сауда менеждері болып жұмыс істейтін Дастан Егінбаевқа алғыс хат табыс етті.