Елорда тұрғыны әлеуметтік желі арқылы танысқан адамға 90 млн теңге аударып жіберген
Алаяқтық жасаған аталған адам анықталып, ұсталды. Ол Астана қаласы Алматы ауданы №2 аудандық сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Астана қаласы сотының баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, әлеуметтік желі арқылы хат алмасу кезінде ер адам өзінің сезімін білдіріп, ұнатып қалғанын айтқан.
«Ол өзін банкроттық сатыда тұрған зауыт директоры екенін және басқа да шындыққа жанаспайтын деректер айтқан. Яғни жақын туыстарының қайтыс болғанын хабарлап, шұғыл түрде ақша керек екенін айтып, әйел адамды алдаған», - делінген сот мәліметінде.
Өз кезегінде алданып қалған әйел адам белгілі бір уақыт аралығында оған онлайн аударымдар арқылы түрлі сомада ақша жіберіп отырған. Осы орайда оған 91,6 млн теңге сомасында материалдық залал келтірген.
Апелляциялық шағымында сотталған адам тағайындалған жазаны жеңілдетуді, асырауында кәмелетке толмаған 5 баланың бар екенін, зайыбының жұмыс істемейтінін, сондай-ақ денсаулық жағдайын ескеруді сұрады.
Алайда сот үкімі өзгеріссіз қалды. Үкім заңды күшіне енді.