Елорда тұрғыны мобильді қосымша арқылы досының 900 мың теңгесін ұрлаған
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғыны мобильді қосымша арқылы досының 900 мың теңгесін ұрлаған. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Полицияға ірі сомадағы ақшаның ұрлануы фактісі бойынша елорда тұрғыны хабарласты. Оның сөзіне қарағанда, Kaspi банкінің мобильді қосымшасындағы шотынан 900 мың теңге жоғалған. Ақшаның ұрлануына байланысты ол виртуалды алаяқтарға күдік түсіп тұрғанын айтқан. Тергеу амалдары кезінде қаражат жоғалардың алдында жәбірленуші көшеде досын кездестіргені, әңгіме барысында телефон шалу үшін досы оның смартфонын сұрағаны анықталды», - делінген Полиция департаменті мәліметінде.
Белгілі болғандай, күдікті досының телефонын алып, мобильді қосымша арқылы 900 мың теңгені өзінің зайыбының телефонына аударып жіберген. Кейін досына смартфонын қайтарып берген.
Күдікті аталған сомадағы қаражат досында бар екенін бұдан бұрын біліп, мүмкіндікті пайдаланып, ақшаны жымқырған.
«21 жастағы күдікті істеген әрекетін мойындады. Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.