Елорда жәрмеңкесі: үш облыстан 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жыл сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы басталады. Осы орайда бүгін Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.

жәрмеңке
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі екі күн қатарынан болады. Бұл ретте, 125 тонна ет және ет өнімдері, 250 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 26 тонна сүт өнімдерін, 22 тонна балық, 2 тонна нан-тоқаш өнімдері және 60 тонна өзге де азық-түлік өнімдерін, яғни жалпы 400 тоннадан астам тауар жеткізілді.  

жәрмеңке
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ kazinform

Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сарсембайтың айтуынша, өңірдегі тауар өндірушілердің өнімдерін жеткізуге облыстық әкімдік тиісті жағдай жасады. 

ауыл
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

«Жыл сайын дәстүр бойынша Астанаға Ақтөбе облысында өндірілген өнімді алып келдік. Жоспарланған көлемде өңірден ет және сүт, көкөніс өнімдерін толық жеткіздік. Осы жәрмеңкені ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз, біздің тауар өндірушілерге барлық жағдайды жасап берді. Біздің өнімдер елордадағы нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағада сатылып жатыр. Әр сауда орнына QR-код іліп қойдық. Смартфон арқылы бұл QR-кодпен жеткізілген мал еті қай шаруа қожалығына тиесілі екенін тексеруге болады. Бұл өз кезегінде дүкен сөресіне кездейсоқ емес, таза өнімді жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Қ.Сарсембай.

жәрмеңке
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Өз кезегінде Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов бүгін өңірдің 10 ауданы мен Тараз қаласының 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі елордаға келгенін айтты. 

ауыл
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

«10 автокөлікке тиелген азық-түлік тауарларының ішінде 33,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 4 тонна шұжық өнімдері, 22,2 тонна сүт өнімдері, 6 мың жұмыртқа, 10 тонна қант, 2,5 литр өсімдік майы, 1 тонна кондитерлік өнімдер мен 5,4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна ас тұзы, 4 тонна балық, 4 тонна ұн, 6,8 тонна бал және 202,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар», - деді Қ.Көшенов.

жәрмеңке
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Жамбылдық шаруалар жалпы құны 220,4 млн теңгені құрайтын 301,8 тонна өз өнімдерін нарық құнынан 10-20 пайызға төмен бағада өткізіп жатыр. 

жәрмеңке
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың сөзіне қарағанда, елордаға өңірден ет пен балық жеткізілді. 

жәрмеңке
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

«Жәрмекеге облыстан 27 шаруашылық қатысып жатыр. Өнімдер төмен бағамен, яғни Астана әкімдігі бекіткен межеде саудаланып отыр», - деді басқарма басшысы.

жәрмеңке
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
жәрмеңке
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
жәрмеңке
Фото:Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
жәрмеңке
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Айта кетейік, биыл жәрмеңке «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тас жолы 1 мекенжайында ұйымдастырылды. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңкелерді өткізу орнына №18, 37, 303 және 323 автобус маршруттары қатынайды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар