Елорда жастары саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен С.Сейфуллин ескерткіші алдында «Естелік ескірмейді» атты жастар акциясы өтті. Бұл шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылды.
«Бұл күннің еліміз, оның ішінде жастар үшін маңызы зор. Өйткені жастар барынша интеллектуалды жетілген, білімді, белсенді болса да, өз тарихын білмей еліміздің дамуына өз үлесін қоса алмайды. Сондықтан да еліміздің өткен тарихын білу - біздің азаматтық міндетіміз. Біз тарихымызды білу арқылы болашаққа нық қадам жасай аламыз», - деді Еуразия ұлттық университетінің студенті Ықылас Жеткер.
Шара барысында жастар тарапынан әзірленген әдеби-театрландырылған қойылым ұйымдастырылып, С.Сейфуллин ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Сонымен қатар шараға қатысушылар жазықсыз құрбан болғандарды еске алу құрметіне орай С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Жұмабаевтардың шығармаларын оқып, С.Сейфуллин атындағы мемлекеттік мұражайға саяхат ұйымдастырылды.