Елорда жастарын не мазалайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада жастарды қолдау және қызмет көрсету орталықтары бар. Ол жерге жастар өзін толғандырған мәселелерге жауап іздеп барады. Осы орайда астана жастарын көбіне қандай жайттар толғандыратыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
«Жастарға қызмет көрсету орталықтары 2021 жылдан бастап жұмыс істейді және ақпараттық-консультациялық көмек береді. Мұнда келушілер жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат ала алады. Жастар саясаты мәселелері басқармасының іс-шараларының негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын іске асыру жоспары шеңберінде өткізіледі», - деді Астана қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Бүгінде елорданың 4 ауданында жастарға қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр.
«Мамандар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, жұмысқа орналастыру, жастардың бастамаларын қолдау, волонтерлік қызмет, сондай-ақ бос уақытты тиімді әрі тегін өткізу мәселелері бойынша кеңес береді. Тегін заңгерлік және психологиялық көмек көрсетеді. 2022 жылы орталықтарға 10 мыңға жуық жас адам жүгінді. Елордалық жастарды көбіне тұрғын үй алу, сондай-ақ жұмысқа орналасу мәселелері қызықтырады. Өтініштердің 90%-ы осыған байланысты», - дейді ол.