Елорда жастарына жұмысқа орналасу жөнінде ақыл-кеңес берілді
Шараға Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Жұмыспен қамту орталығы, Медиацияны дамыту орталығы және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, кәсіби заңгер мен психолог мамандар жастарға тегін консультация жүргізді.
Қаладағы «Азия парк» ойын-сауық орталығында өткен ашық есік күнінде жастарға өзін қызықтырған сауалдарына жауап алу мүмкіндігі қарастырылған.
«Жастарға арналған бұл шара үстіміздегі жылдың қыркүйек айында басталды. 3 айдан астам уақыта бойы Астана базарларында жастарды жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған бірнеше кездесу өтті. Мақсаты - елорда жастарын мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, оның мүмкіндігін пайдалануды ұсыну. Яғни бұл жерде жұмысқа орналасу сұрақтары бойынша ғана емес, одан бөлек тұрғын үй алу, өз кәсібін ашу, Үкімет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар туралы да біле алады», - деді «Астана жастары» мемлекеттік мекемесінің басшысы Үкібай Нұрпейісов.
Оның айтуынша, Астанаға өңірлерден келген жастар денінің қалалық тіркеуі жоқ, сондықтан да тұрақты жұмыс табу мүмкіндіктері шектеулі.
Жастарға кеңес беру науқаны жыл соңына дейін өз жалғасын табады, атап айтқанда ертең «Әзірет сұлтан» мешітінде өтеді.
Айта кетсек, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» мекемесі ұйымдастырған бұл шара «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама жол картасын» жүзеге асыру аясында жүргізілуде.