17:28, 28 Мамыр 2015 | GMT +5
Елордада 1 маусымда мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 маусымнан бастап елордада «Балдырғандар мектебі» өз жұмысын бастайды. Оның басты мақсаты - мектеп жасына дейінгі балаларды мектептегі оқуға дайындау.

Астана қаласы Білім басқармасының хабарлауынша, мұндай мектептер балалардың оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталып, қаланың барлық мектептерінде құрылады. Осындай сабақтар балалардың мектептегі сабақ жағдайына қиындықсыз бейімделуіне көмектеседі.
«Балдырғандар мектебі» дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс істейді. Сабақтың ұзақтығы 25-30 минут. Топтағы балалар саны 15-20. Сабақтар 10 күнге жалғасады.
«Балдырғандар мектебінде» бастауыш сынып мұғалімдерінен басқа мамандар: психолог және логопед қызмет атқарады. Олар психологиялық және логопедтік диагоностика арқылы әр оқушының мектепке дайындық деңгейін анықтайды. Диагностика нәтижелері бойынша ата-аналар мен мұғалімдер үшін жеке ұсыныстар жасалады, деп хабарлайды astana.kz.