Елордада 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» атты дәстүрлі шара өтеді

ТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» атты дәстүрлі шара өтеді.

Елордада 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» атты дәстүрлі шара өтеді

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихаты барысында Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина айтты.

Оның атап өтуінше, аталған акция оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасынан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сонымен қатар ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету және әлеуметтік себептермен 1 қыркүйекте мектепке балалардың келмеуінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылады.

«Мектепке жол» акциясы Мемлекет басшысының мектеп оқушыларын оқумен толық қамту туралы тапсырмасын орындау мақсатында осымен 4 -ші жыл өткізілуде. Ағымдағы жылы шара 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді», - деді ол.

Шара аясында қамқорлық акциясын өткізу, мектеп киімі мен оқу құралдары жәрмеңкесін ұйымдастыру, оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, жаңа оқу жылына дайындалуда көмекке мұқтаж балаларға көмектесу жоспарлануда.

«Мұндай ациялар жақсы нәтиже береді. Мәселен, 2010-2011 оқу жылында оқу орындарының педагогикалық ұжымы құқық қорғау органдарының мамандарымен бірлесіп, 2412 рейдтік іс-шара өткізді. Өткізілген әртүрлі іс-шараның арқасында 4074 бала 26 млн. 776 мың теңге көлемінде көмек алды. Оның ішінде 17 млн. теңгеден астам қаржы бюджеттен, 9,5 млн-ға жуық қаржы меценаттар мен демеушілер тарапынан бөлінді», - деді Ә.Бимендина.