Елордада 100-ден астам құмар ойын аппараттары жойылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен жылы елорда аумағында 100-ден астам құмар ойын аппараттары жойылды.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қалалық экономикалық тергеулер департаменті екінші тергеу басқармасының басшысы Олжас Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен жылы жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы аумағында қаражатты қолма-қол ақша айналдырумен айналысатын 4 қылмыстық топтың әрекеті әшкере болды. Айналымнан шамамен 30 түрлі ұйымның мөрлері тәркіленді. Мемлекетке келген шығын 2 млрд теңгені құрайды. Жүйелі жедел шаралардың арқасында жоғарыда аталған топтардың әрекетіне қатысты айғақтар алынды. Сонымен қатар тінту барысында қылмыстық әрекеттерге қатысты құжаттар, мөрлер, флэшкарталар алынды», - деді Олжас Сүлейменов.
Сонымен қатар ол құмар ойын орындарының заңға қайшы әрекеттерін тыюға бағытталған жұмыстары жайында да айтты.
«Өткен жылы құмар ойын өткізетін 25 орын анықталды. Айналымнан 100-ден астам ойын аппараттары тәркіленді. Сот шешімімен тұлғалар жауапқа тартылды. Аталған аппараттар жойылды. Осы жылдың өзінде мұндай 10-нан астам аппарат тәркіленіп отыр», - деді басқарма басшысы.