Елордада 12 жасар қыз 3 сыныптан кейін сабаққа бармаса, Моңғолиядан келген оралманның 2 баласы тіпті мектеп табалдырығын аттамаған
АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Кәмелетке толмағандардың құқығы мен заңды мүддесін қамтамасыз ету, сондай-ақ ата-аналардың балаларын тәрбиелеудегі жауапкершілігін жоғарылату мақсатында елорда аумағында «Ерекше пейілді отбасы» кең көлемді акциясы өтті,
деп хабарлады Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен.
Акция барысында Астана қалалық ІІД кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім инспекторлары ұзақ уақыт бойы еш себепсіз жалпы білім беретін оқу орындарына қатыспайтын балалар мен жасөспірімдердің ата-аналарын анықтады.
Мәселен, Астана қаласы Сарыарқа ауданы аумағында полиция инспекторлары 2008 жылдан бастап 3-сыныптан кейін мектепте оқымаған қыз баланың ата-аналарын анықталды. Сонымен қатар Монғолиядан келіп, 6 жыл бойы елордада тұратын отбасының 8 және 9 жастағы балалары орта білім алу үшін мектепке орналастырылмаған.
Елорда сақшылары балаларды мектепке орналастырып, әрі қарай бақылау үшін «еш себепсіз жалпы білім беретін оқу орындарында оқымайтын кәмелетке толмағандар» санаты бойынша тізімге енгізді.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар еш себепсіз мектепке бармайтын балалары бар отбасыларды анықтау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Сонымен қатар акция барысында мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесіп, отбасы институтын жоғарылатуға бағытталған жалпы білім беретін мектептерде оқушылар үшін, мекемелер мен ұйымдарда ата-аналар үшін әңгімелер, ата-аналар жиналысы, дәрістер мен дөңгелек үстелдер өткізілді.