Елордада 120 мыңнан астам жеке тұлға декларация тапсыруы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада 120 мыңнан астам жеке тұлға декларация тапсыруы тиіс. Бұл туралы Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары үшін жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталды. Бүгінде елордада 120 681 жеке тұлға декларация тапсыруы тиіс. Қазірдің өзінде декларацияны 95 538 тұлға ұсынды, 25 143 жеке тұлға ұсынған. Жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты көлеңкелі экономиканы қысқартуды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру болып табылады
,- деді Қанат Балтабеков Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, 2023 жылдан бастап декларацияны мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Келесі жылдан бастап, декларацияны тапсыру басшылар мен заңды тұлғалардың құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен жұбайлары үшін міндетті болады. 2025 жылдан бастап азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық ересек тұрғындары декларациялауға жатады.
Салық кодексіне сәйкес Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді және 4 кезеңде өтуде. Бірінші кезеңде есептілікті мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар тапсырды.