Елордада 13 мыңнан астам көлік пайдалану ережелерін сақтамау фактісі анықталды (ФОТО)

Осыған орай, Астана қаласы ӘПБ қызметкерлері елорданың орталық көшелерінде көліктердің түтін шығаратын құбырларын тексеру шараларын жүргізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен. - Жыл басынан бері Астана қаласының Әкімшілік полициясы көлік пайдалану ережесін бұзып, салдарынан ауаға зиянды газдардың таралуына жол берген 13 мыңнан астам көлік иесін жауапкершілікке тартты. Жалпы сомасы шамамен 38 миллион теңге сомаға тең әкімшілік хаттама толтырылды, - деді жол-техникалық инспекция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Берік Жолдасбеков. Бензинмен жүретін көлік құбырынан 8 пайыздық мөлшерден артық зиянды газдар шығарылған жағдайда және газ немесе дизельмен жүретін көліктерден 10 пайыздық мөлшерден артық зиянды газ шығарылған жағдайды көлік иесіне 5-10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Айта кету керек, Астана қаласы ІІД ӘПБ мекемелер мен құрылыс компаниялары тарапынан жолдардың ластануына жол бермеу бойынша да бірқатар шаралар атқаруда. Жыл басынан бері жол бөлігін ластаған 150 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды.