Елордада 140-тан астам медицина қызметкері КВИ-ға қарсы вакцина салдырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда 145 медицина қызметкері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Елордада 140-тан астам медицина қызметкері КВИ-ға қарсы вакцина салдырды

Бірінші кезеңде елордалық стационарлардың, қаланың инфекциялық орталығының медицина қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері екпе алды.

Көшпелі бригаданың фельдшері вакциналау туралы пікір білдіріп, көңіл-күйінің қандай екенін айтты.

«Вакцинадан кейін жағымсыз әсер болған жоқ. Яғни бас айналып, жүрек айну деген болған жоқ. Көңіл-күйім жақсы. Өзіме таныс емес адамдармен тығыз жұмыс істеймін, науқастарға жиі барамын, сол себепті вакцина салдыру керек деген байламға келдім», - деді фельдшер Ерсұлтан Үсенұлы.

Ал №9 қалалық емханасының фильтр-кабинетінің дәрігері Қайнар Фархадұлы ойын былайша жеткізді:

«Күніне ЖРВИ мен суықтың белгілері бар 250-ге жуық адам келеді. Бірақ тест жүргізбей тұрып, бәрі коронавирус инфекциясымен ауырмайды деп сеніммен айта алмаймын. Вакцинация - алдымен менің қорғанысым. Қазір вакцинадан кейін жағдайым жақсы», - дейді фильтр кабинетінің дәрігері.


Елордада барлығы 6 300 медицина қызметкері КВИ инфекциясына қарсы егіледі. Айта кету керек, тізімдер мамандардың ерікті келісімі бойынша жасалады.

Естеріңізге сала кетейік, вакцинация 2 кезең бойынша жүргізіледі, алдымен бірінші компонент 0,5 мл дозада, ары қарай екінші компонент те дәл осылай - 0,5 мл дозада (21-42 күннен кейін). 21 күннен кейін вакцина қабылдағандар екінші кезеңін алу үшін тағы да сол орнына шақырылады.