Елордада 146 бөтелке антисептик пен 8000 литр спирт қосылған сұйықтық тәркіленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 146 бөтелке антисептикалық зат және 8000 литрден астам құрамында спирт бар сұйықтық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап.

Елордада 146 бөтелке антисептик пен 8000 литр спирт қосылған сұйықтық тәркіленді

23 наурызда ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері шаһардағы «Алматы» ауданының полиция басқармасы және прокуратурасымен бірлесе отырып, елдегі төтенше жағдайда көлемі 5 литрлік 146 бөтелке антисептикалық затты заңсыз сату фактісін анықтады.

«Тексеріс барысында көлемі 1000 литрлік 10 дана ақ цистерна тәркіленіп алынды, оның ішінде жалпы көлемі 8 210 литр болатын ерекше иісі бар спирт қосылған түссіз сұйықтық болды. Жоғарыда аталған барлық заттар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды» делінген хабарламада.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.