Елордада 15 шақырымдық аламан бәйге өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы «Қазанат» ипподромында аламан бәйге өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шара «Этноауыл» ұлттық-мәдени демалыс кешенінің биылғы ашылу салтанатына орай өткізілді.
15 шақырымдық аламан бәйгеге еліміздің түпкір-түпкірінен әкелінген жүйріктер қатыстырылды.
Бәйгеде бабы мен бағы қатар озған елордалық Өмірзақ Нұрисламның «Сәт» атты жүйрігі мәреге бірінші жетті. Екінші Мақсат Түкеновтың «Алтынкөз» тұлпары, ал үшінші болып қарағандылық Айнар Нығыметовтың «Аманат» жүйрігі жеңіс тұғырынан көрінді. Төртінші және бесінші орындарды Алматы облысынан келген Ұлан Омаровтың «Шартассы» мен алматылық Мақсат Ахаевтің «Нұрислам» атты тұлпарлары алды.
Аламанды келген қонақтар «этноауыл» аумағында қазақтың ұлттық тағамынан дәм татып, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
«Бүгіннен бастап «Этноауыл» ұлттық мәдени кешені өз есігін айқара ашты. Бұл біздің өткізіп жатқан алғашқы шараларымыздың бірі. Елорда күні қарсаңында 150 ат бәйгеге тігілетін үлкен аламан ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, «Этноауыл» кешенінің жұмыстарын жандандыруды қолға алудамыз. Бұл жер көшпенділердің рухын сезіндіретін, қазақ халқының бай тарихымен, өнерімен және дәстүрімен таныстыратын жер болады. Біз болашақта «Этноауылды» болашақта қаланың дамылсыз тірлігінен жалыққандар демалатын мекенге айналдырғымыз келеді», - дейді «Болат тұяқ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жақып Баймоллаұлы.

