Елордада 150-ден аса жас спортшы жеңіл атлетикадан қалалық чемпионат бақ сынады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жеңіл атлетикадан қалалық чемпионат өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қазақстан» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Астана қаласы әкімдігінің № 7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 2013-2017 жылы туған 150-ден астам жас спортшысы бас қосты.
Қатысушылар әртүрлі дисциплина бойынша сынға түсіп, өздерінің дайындығын, жеңіске деген ұмтылысын көрсетті.
— Біз үшін балалардың бақыты бәрінен жоғары. Бұл чемпионат — олардың денсаулығы, қуанышы мен дамуына арналған мереке. Балалардың қамқорлықта, сүйіспеншілік пен қауіпсіз ортада өсуі маңызды. Ал спорт олардың мықты әрі өзіне сенімді болып қалыптасуына көмектеседі, — деді жаттықтырушы Райана Амангелді.
Жарыс спорттық мереке, әділ бәсеке және ерекше көңіл күйде өтті.
Бұған дейін жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан алғашқы медаліне қол жеткізгенін жаздық.