Елордада 180 000 астам адам спортпен айналысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2010 жылы Астанада 74 217 адам жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен айналысса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 182 362 адамды құрады. Бұл туралы «Литер» газетіне берген сұхбатында Астана қаласы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Болат Маржықпаев мәлімдеді, деп жазады қалалық әкімдіктің ресми сайтында.

Елордада 180 000 астам адам спортпен айналысады

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аулалар мен жалпы білім беретін мектептертердің спорт залдарында түрлі сайыстар өткізіледі. Жаз маусымында барлық саябақтарда да спорттық шаралар ұйымдастырылады. Түрлі топтағы тұрғындар арасында жеті кешенді жарыс түрі және футбол, гандбол, волейбол, баскетбол мен шайбалы хоккейден лигалар өтеді. Оқушылардың жазғы демалысы кезінде темекі шегу мен құқық бүзушылыққа қарсы, сонымен қатар, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған акциялар да жүйелі түрде ұйымдастырылады. Басқарма басшысының айтуынша, елордада 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл мекемелерде спорттың 49 түрінен жаттығулар өтеді. Аталмыш мектептерде 6 787 тәлімгер тіркелген. Жалпы алғанда, Астана қаласында 623 спорт нысаны жұмыс істейді.