Елордада 205 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдың 11 айында елордада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде Astana Invest қоржынында 33 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін, жалпы сомасы 2,6 трлн теңге болатын 270 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде 65 жоба іске қосылды. Инвестиция сомасы – 357,4 млрд теңге. 7,2 мың жұмыс орны құрылды. Құны 2,3 трлн теңге болатын 205 жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. 26,1 мың жұмыс орны ашылады деп күтіледі», - деді ол әкімдіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Қала әкімі орынбасарының дерегінше, білім саласында 134 млрд теңгеге 48 жоба, құрылыс индустриясында 113 млрд теңгеге 43 жоба, машина жасау саласында 127 млрд теңгеге 34 жоба, логистикада 189 млрд теңгеге 43 жоба, жеңіл және химия өнеркәсібінде 49,3 млрд теңгеге 31 жоба, спорт саласында 15 млрд теңгеге 17 жоба, медицинада 419 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылатын болады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өнеркәсіп секторын дамытуға айрықша назар аударамыз. Осы жылдың 11 айында елордада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 трлн теңгені құрап, өңдеу өнеркәсі өндірісі 1,5 трлн теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібіне 25,1 млрд теңге инвестиция салынды», - деді Ерлан Бекмырзаев.