Елордада 24 мың бала 1-сыныпқа барады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елордада 24 мың бала 1-сыныпқа барады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада 24 мың бала 1-сыныпқа барады

«Халық санының өсуімен қатар мектеп құрылысына деген қажеттілік те артып келе жатыр. Бұл өте сезімтал сала. Мамырда 7 мың бала мектеп бітірсе, 1 қыркүйекте 24 мың баланы 1-сыныпқа қабылдаймыз. Және де мұндай жайт жыл сайын қайталанып келе жатыр. Бір жағынан бұл бізді қуантады, екінші жағынан әлеуметтік инфрақұрылымды дайындауымыз қажет», - деді ол Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында.

Елорда әкімі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету де өзекті мәселе екендігіне тоқталды.

«Тұрғындарының қажеттілігіне байланысты баспана саны артып келе жатыр. Бұл өте жақсы. Мәселен, цифрға жүгінер болсақ, 2018 жылы 1 100, ал 2019 жылы 2 900, 2020 жылы 7 000 қолжетімді баспана берілді. Биыл мұндай әлеуметтік баспана саны 10 мыңға жететін болады. Динамика өте жақсы», - деді Алтай Көлгінов.