Елордада 25-40 жас аралығындағы жүргізушілер жол ережесін жиі бұзады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада 25-40 жас аралығындағы жүргізушілер жол ережесін жиі бұзады. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Астана қалалық Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Тоғжұманов мәлім етті.

Елордада 25-40 жас аралығындағы жүргізушілер жол ережесін жиі бұзады

«Біз жол-көлік оқиғаларын жасаған, ереже бұзған адамдардың жас ерекшелігіне талдау жасаймыз. Елордада 25-40 жас аралығындағы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жол ережесін көп бұзады. Ереже бұзу салдары ауыр зардаптарға әкеп соғып жатады. Оның ішінде ерлер де, әйелдер де бар», - деп жауап берді Бауыржан Тоғжұманов.

Сонымен бірге ол жыл басынан бері елорда аумағында 110 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапқанын айтты. Бұған қоса, 123 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

Бауыржан Тоғжұмановтың дерегінше, биыл Астанада жол ережесін сақтамаудың 94 044 фактісі анықталып, 729 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Мәлім болғандай, қалада әрбір бесінші жол апаты жаяу жүргіншінің кінәсінен болады.

Бас қалада 27 мың жүргізушінің жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам айыппұл берешегі бар.

Әкімшілік полиция басқармасының өкілі, сондай-ақ Мәңгілік ел даңғылындағы көлік кептелісі мәселесі қашан шешілетінін айтты.