Елордада 25 жас ақынның өлеңі жинаққа енеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мемлекеттік рәміздер мақтанышым!» және «Мәңгілік ел - мұратым!» тақырыптарында өтетін Астана қалалық жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы бойынша жыр жинақ жарық көрмек, депт хабарлайды ҚазАқпарат. Байқауға қатысқан үздік 25 ақынның қос өлеңі кітапқа басылып шығады. Патриоттық тақырыптағы жинақ 50 шығармадан тұратын 1 100 тиражбен таралады.

Елордада 25 жас ақынның өлеңі жинаққа енеді

Астана қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Оралов мәлімдеді.

-  Ақындардың жинағы Астана қаласының мектептеріне қазақ тілі мен әдебиет пәндеріне қосымша құрал ретінде таратылатын болады. Сонымен қатар қаланың  барлық 18 кітапханасына үлестіріледі. Әр ақынға жинақтың 10 данасын беретін боламыз, - деді Асхат Оралов.

«Мемлекеттік рәміздер мақтанышым!» және «Мәңгілік ел - мұратым!»  тақырыбындағы ҚР мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған Астана қалалық жас ақындар арасындағы мүшәйрасының басталуына арналған  баспасөз конференцияда байқаудың өтетін күндері мен жүлде қоры белгілі болды.  14 - 29 аралығындағы жас ақындар қатыса алатын байқау, биыл 5-тамыз бен 5-қыркүйек аралығында өтеді. 

Байқаудың жүлде қоры 1,2 млн теңге көлемінде. Мүшәйра жеңімпаздары I, II және III дәрежелі дипломдармен және Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ақшалай сыйлығымен марапатталады.